Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова елдегі ипотекалық бағдарламаларды біріздендіру туралы ұсыныстар айтылып жатқанын мәлімдеді.
Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ол әлеуметтік желілерде бағдарламалардың көптігіне байланысты сын жиі айтылатынын атап өтті. Қазір «Қамқор», «Елорда жастары», «Наурыз», «Наурыз жұмыскер» секілді бірнеше бағдарлама бар. Соның салдарынан азаматтар олардың мерзімі мен пайыздық мөлшерлемесін жиі шатастырады.
Банк басшысы сондай-ақ құрылыс компанияларына берілетін жеңілдіктердің тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл шаралар пәтерлерді толық әрленген күйде салуға мүмкіндік беріп отыр.
Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, өткен жылы сатылған 8 600 пәтердің 70%-дан астамы Baspana Market платформасы арқылы өткен. Олардың басым бөлігі құрылыс компаниялары ұсынған толық әрленген тұрғын үйлер болған.





