Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Тарих, археология және жаңа технологиялар: Қазақстанда VII Есік оқулары өтті

Тарих, археология және жаңа технологиялар: Қазақстанда VII Есік оқулары өтті
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы археологиялық зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Алтын адам мұрасын зерттеу және сақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбында «VII Есік оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Халықаралық басқосуға Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Италия және басқа елдердің ғалымдары мен зерттеушілері қатысып, Еуразия кеңістігіндегі археологиялық зерттеулер, Есік жазуының тарихы, сақ дәуірінің мұрасы, Алтын адам феномені және тарихи құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылады.

Конференция аясында «Қазақстан – Қытай: археологиялық мұраны сақтау жолындағы ынтымақтастық» көрмесі ашылып, 2025–2026 жылдары екі ел мамандарының бірлескен жұмысы нәтижесінде қалпына келтірілген жәдігерлер таныстырылды.

Пленарлық отырыста әзербайжандық ғалым Фирудин Джалилов, қытайлық зерттеуші Дин Янь, отандық ғалым Бекжан Орынбай және белгілі реставратор Қырым Алтынбеков бастаған мамандар Есік жазуы, ежелгі жазба мәдениеті, үйсіндер тарихы және Алтын адам бейнесін ғылыми тұрғыдан қайта жаңғырту мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Секциялық отырыстарда тарихи мұраны цифрландыру, музей ісіне инновациялық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу бағыттары да қарастырылды.



Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілептің құттықтауын жеткізіп, «Есік» музей-қорығымен бірлескен ғылыми зерттеулер мен ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Ректор археологиялық мұраны зерттеумен қатар, оны жас зерттеушілерді даярлау мен ғылыми-білім беру үдерісінде тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Конференция қорытындысында арнайы қарар қабылданып, Ұлы даланың археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде таныту үшін ғылыми ұйымдар, музейлер мен жоғары оқу орындарының ынтымақтастығын нығайту қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ археологиялық ескерткіштерді сақтау, ғылыми реставрациялау және көне жазба мұраларды салыстырмалы зерттеу бойынша ұсыныстар әзірленді.

Халықаралық «VII Есік оқулары» тарихи-мәдени мұраны зерделеу саласындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, Қазақстан мен шетелдік зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға маңызды үлес қосты.

Ұқсас материалдар