Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қаржы нарығын реттеу агенттігі жаңа қадағалау моделін енгізеді

 Қаржы нарығын реттеу агенттігі жаңа қадағалау моделін енгізеді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды бағалау мен қадағалаудың жаңа моделін әзірлеп, оны пилоттық режимде сынақтан өткізді.

Бұл туралы ведомствоның Сыртқы коммуникациялар басқармасы хабарлады.

Жаңа тәсіл тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін жетілдіруге, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға және нарық қатысушыларының қызметін тиімді бағалауға бағытталған.

Агенттік мәліметінше, бағалы қағаздар нарығының қарқынды дамуы, клиенттер санының артуы және операциялардың күрделене түсуі қадағалау тетіктерін жаңартуды қажет еткен.

Жаңа модель ықтимал тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, проблемалық бағыттарды нақты айқындауға және қадағалау шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар нарықтың тұрақтылығын арттыруға және қаржы секторындағы тәуекелдерді басқару сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Әдіснама халықаралық тәжірибеге негізделген. Атап айтқанда, ол Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық комиссиялар ұйымының (IOSCO) қағидаттары мен Еуропалық бағалы қағаздар және нарықтар агенттігі (ESMA), сондай-ақ Ұлыбританияның Қаржылық мінез-құлық басқармасы (FCA) қолданатын тәсілдерді ескере отырып әзірленген.

Бағалау төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіледі:

  • инвесторлардың құқықтарын қорғау;
  • корпоративтік басқару сапасы;
  • бизнес-модельдің тұрақтылығы;
  • клиенттердің деректері мен активтерінің қауіпсіздігі.

Нәтижесінде әрбір нарық қатысушысына рейтинг беріледі. Бұл рейтинг қадағалау шараларын айқындауға және реттеуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге негіз болады.

Пилоттық сынақ барысында бірқатар проблемалық мәселелер анықталған. Оның ішінде клиенттердің инвестициялық профилін бағалау рәсімдерін жетілдіру, нарықтық манипуляция белгілерін анықтау жүйесін күшейту және директорлар кеңестерінің тәуекелдерді басқару процесіне қатысу деңгейін арттыру қажеттілігі көрсетілген.

Агенттік бұл бастама қаржы нарығын қадағалауды жаңғырту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті. Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша жаңа модельге сәйкес ішкі қадағалау нұсқаулығы әзірленген.

Алдағы уақытта жаңа тәсіл ірі брокерлік ұйымдарға, дилерлерге және инвестициялық портфельді басқарушыларға кезең-кезеңімен енгізіледі.

Ведомствоның пікірінше, бұл модель Бағалы қағаздар нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруға ықпал етіп, нарықтың ашықтығын арттыруға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар