ҚазМұнайГаз басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында Қашаған кен орны операторы – North Caspian Operating Company компаниясының еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, өндірісті дамыту мәселелерін талқылады.
Сапар кезінде ҚМГ басшысы кен орнының негізгі өндірістік нысандары – теңіз кешені мен «Болашақ» зауытын аралады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қашаған кен орнында 18,2 млн тоннаға жуық мұнай өндірілген, оның 3 млн тоннадан астамы ұлттық компанияның үлесіне тиесілі.
Жиында биылғы күрделі жөндеу жұмыстарына дайындық, тоқтап тұрған ұңғымаларды қайта іске қосу және өндірістік процестердің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Асхат Хасенов жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Қашаған кен орнын толық игеруге арналған ұзақ мерзімді даму жоспары талқыланды. «Келісімшартты инвестицияға айырбастау» тетігі аясында бірқатар жергілікті өндірістермен келісімдер жасалды. Атап айтқанда:
-
Brucke Energy – жоғары қысымды сақтандыру клапандарын шығару;
-
Global Energy Service – сақиналы төсемшелер өндіру;
-
Hyundai Aktau – жедел жәрдем көліктерін жеткізу.
Бұдан бөлек, «жергілікті тендер» тетігі бойынша 10 келісімшартқа қол қойылды. 2025 жылдың қорытындысында NCOC сатып алуындағы қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесі 70 пайызды немесе 606 млн долларды құрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында NCOC өндірістік тиімділікті арттыру үшін Digital Oil Field, Video Analytics және Cognite Data Fusion сияқты жасанды интеллектке негізделген технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.





