Қазақстан 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына еніп, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд АҚШ долларынан асыруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметі хабарлады. Аталған мақсатқа жету үшін ел экспортты қолдаудың жекелеген шараларынан жүйелі салалық басқару моделіне көшіп, шикізат базасынан бастап өңдеу, логистика және мақсатты нарыққа дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруға ниетті.
Мәселе Экспорттық штаб отырысында талқыланды. Жиынға Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков төрағалық етті. Кездесуде агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер мен қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою жолдары қаралды.
2025 жылдан бастап Экспорттық штабтың жұмысы жаңа форматқа көшті. Бұған дейін жекелеген мәселелер шеңберінде өткен талқылаулардың орнына мамыр–желтоқсан айлары аралығында QazTrade алаңында бес салалық отырыс ұйымдастырылды. Олар агроөнеркәсіп, май-тоңмай саласы, астықты қайта өңдеу, бал, сондай-ақ өнеркәсіп және IT өнімдеріне арналды.
Нәтижесінде 2026-2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдері экспортын дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Құжатта өңдеу қуаттарын арттыру, экспорт географиясын кеңейту және Қазақстанды күнбағыс майын экспорттаушы әлемдік топ-3 елдің қатарына шығару секілді нақты көрсеткіштер белгіленген.
Жол картасын дайындау барысында елдің бірқатар өңірінде 30-дан астам кәсіпорынға кешенді талдау жүргізіліп, мемлекеттік және жеке сектордан 50-ден астам өкіл тартылған. Сонымен қатар Еуропалық одақтың қолдауымен Халықаралық сауда орталығы әдіснамасы қолданылған.
Сала өкілдерінің айтуынша, бұл құжат май-тоңмай өндірісінің экспорттық әлеуетін арттырып, Қазақстанның сыртқы нарықтағы позициясын күшейтуге мүмкіндік береді.





