Қазақстан 2026 жылдың мамыр айында Германияға мұнай жеткізуді жүзеге асырған жоқ.
Сонымен қатар бірқатар балама экспорттық бағыттар бойынша тасымал көлемі қысқарды. Бұл туралы Reuters агенттігі ҚазТрансОйл компаниясының деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Компания мәліметіне сәйкес, мамыр айында Ақтау теңіз порты арқылы Баку–Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры бағытына 125 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 мың тоннаға аз.
Сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы жүйесіне айдалған мұнай көлемі де төмендеп, 395 мың тоннаны құрады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 102 мың тоннаға қысқарған.
Ал Германияға мұнай жеткізілетін «Достық» құбыры бағыты бойынша мамыр айында экспорт мүлде болмаған.
Сонымен қатар кейбір бағыттарда өсім байқалды. Мәселен, Өзен-Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы тасымал көлемі 654 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға артқан. Оның ішінде 301 мың тонна мұнай Усть-Луга портына, ал 353 мың тонна Новороссийск портына жөнелтілді.
Шығыс бағытындағы экспорт та өсім көрсетті. Атасу-Алашаңкөл мұнай құбыры арқылы Қытайға 83 мың тонна мұнай жеткізіліп, өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда 4 мың тоннаға көбейді. Сонымен бірге осы бағытпен тасымалданған Ресей мұнайының транзиті 859 мың тоннаға жетті.
Сарапшылардың айтуынша, Германия, Түркия және Қытай бағыттары Қазақстан үшін мұнай экспортын әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Бұл маршруттар елдің дәстүрлі экспорт арналарына тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Дегенмен Энергетика министрлігі мұнай жеткізу бағыттарындағы жекелеген өзгерістер жалпы экспорт көлеміне айтарлықтай әсер етпейтінін атап отыр. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бұған дейін Германия бағыты уақытша тоқтаған жағдайда да Қазақстанның мұнай экспорттық әлеуеті сақталатынын мәлімдеген.





