Қазақстан мен Гонконг сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, инвестициялық серіктестікті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға ниетті.
Бұл мәселе ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Гонконг арнайы әкімшілік аймағының басшысы Джон Лимен және жергілікті бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелеріне назар аударды. Гонконгтың халықаралық қаржы, сауда және логистика орталығы ретіндегі орны мен Қазақстанның Орталық Азия және Еуразия кеңістігіндегі маңызды экономикалық хаб рөлі ерекше аталды.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстан бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға және Гонконг нарығына жеткізілетін отандық өнім түрлерін көбейтуге мүдделі.
– Біз ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар, жеңіл және тамақ өнеркәсібі тауарларының экспортын ұлғайтуға басымдық беріп отырмыз, – деді министр.
Келіссөздер барысында алтын саудасы, биржалық инфрақұрылым және қаржы қызметтері саласындағы әріптестік мүмкіндіктері де талқыланды. Джон Ли Гонконгта халықаралық алтын саудасы орталығын құру және бағалы металдар нарығына арналған заманауи экожүйе қалыптастыру жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, алтын өндіру бойынша өңірдегі жетекші елдердің бірі саналатын Қазақстан халықаралық бағалы металдар саудасында маңызды рөл атқара алады.
– Бұл бағыттағы ынтымақтастық екі тараптың да өндірушілері мен қаржы институттарына жаңа мүмкіндіктер береді, – деді Гонконг әкімшілігінің басшысы.
Кездесу аясында іскерлік қауымдастықтар арасындағы байланыстарды кеңейту, сауда өкілдіктерінің жұмысын жандандыру және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері де сөз болды.
Тараптар келіссөз қорытындысында нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге уағдаласты. Құжат аясында бизнес-миссиялар ұйымдастыру, кәсіпкерлердің өзара кездесулерін өткізу және инвестициялық жобаларды бірлесіп пысықтау көзделіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан, Гонконг және Қытай компаниялары арасында 42 келісімге қол қойылғаны хабарланған болатын.





