Қазақстан мен Meta жасанды интеллект саласында жаңа жобаларды іске қоспақ

Қазақстан мен Meta компаниясы жасанды интеллект (ЖИ) бағытында ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Meta компаниясының вице-президенті, әлемге танымал ЖИ сарапшысы Янн Лекунмен кездесті.
Президент Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту – елдің стратегиялық бағыты екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан қазақ тіліне бейімделген KazLLM атты ұлттық тілдік модель әзірлеу үстінде.
Кездесу барысында тараптар бірқатар жаңа бастамаларды, соның ішінде қазақстандық әзірлеушілерге арналған акселерациялық бағдарламаны талқылады. Бұл бағдарлама Meta компаниясының қолдауымен іске қосылған.
Тоқаевтың айтуынша, технологиялық алыптармен серіктестік кеңейе түседі, ал Meta-мен бірлескен жобалар елдегі жасанды интеллект экожүйесін нығайтуға сеп болады.
Анықтама: Нью-Йоркке сапары аясында Президент Тоқаев Amazon, Chevron және PepsiCo компанияларының жетекшілерімен де келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында спутниктік байланыс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ саласындағы жобалар талқыланды.