Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіптік кешендегі әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ниетті.

Бұл мәселе Құс өсірушілердің XIII халықаралық форумы аясында өткен екіжақты кездесуде талқыланды.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов пен Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Ольга Абрамова қатысты.

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ғылыми-өндірістік кооперацияны кеңейту, импортты алмастыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және саланы цифрландыру бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Келіссөз барысында селекциялық-генетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Ресей тарапы ғылыми зерттеулерді дамыту және шетелдік генетикалық ресурстарға тәуелділікті азайту мақсатында Қытаймен бірлесіп құрылған халықаралық ғылыми-коммуникациялық платформаға Қазақстанның қосылуын ұсынды.

Өз кезегінде Азат Сұлтанов Қазақстанның құс шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ инкубациялық жұмыртқа мен асыл тұқымды материалдарды жеткізудің тұрақты әрі сенімді жүйесін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында эмбрион орталықтарын бірлесіп құру, ірі қара мал басын көбейту және қазақтың ақбас сиыры тұқымын дамыту мәселелері де қаралды.

Саланы цифрландыру бағытында да жаңа бастамалар ұсынылды. Ресейлік мамандар Қазақстанның ветеринариялық және аграрлық білім беру ұйымдарының базасында табынның ортопедиялық саулығын бақылаудың бірыңғай жүйесін енгізуді ұсынды.

Бұл жүйе жасанды интеллект технологиялары арқылы жануарлардағы ақсақтық белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жоғары өнімді мал басының шығыны азайып, сүтті мал шаруашылығының тиімділігі артады деп күтілуде.

Тараптар сондай-ақ тірі мал мен ет өнімдерінің экспорттық жеткізілімдерін кеңейту және логистикалық тізбектерді жетілдіру мәселелерін талқылады.

Азат Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында министрліктің сапалы асыл тұқымды мал сатып алуға мүдделі екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай ресурстардың отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру қажет.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты құрылымдар мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының ұйымдарына көтерілген барлық ұсыныстар мен бастамаларды жан-жақты пысықтау тапсырылды.

Мамандардың пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы агроөнеркәсіптік ынтымақтастықтың тереңдеуі селекция, мал шаруашылығы, цифрлық технологиялар және ғылыми зерттеулер бағытындағы бірлескен жобалардың дамуына жаңа серпін береді.

Ұқсас материалдар