Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Тәжікстан АӨК саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Қазақстан мен Тәжікстан АӨК саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Қазақстан мен Тәжікстан агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға ниетті.

Душанбеде өткен кездесуде қос тарап ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, арнайы Жол картасына қол қою туралы уағдаласты.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Курбон Хакимзодамен кездесіп, азық-түлік қауіпсіздігі, сауда-экономикалық байланыстар және аграрлық сектордағы бірлескен жобаларды талқылады.

Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, екі ел арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 11,5%-ға артып, 595 млн АҚШ долларына жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында өзара сауда көлемі тағы 26,1%-ға өсіп, 182 млн долларды құрады.

Қазақстаннан Тәжікстанға негізінен бидай, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері және ет өнімдері экспортталады.

Кездесу барысында Қазақстан тарапы ұн тарту өнеркәсібі, ет өңдеу, кондитерлік өнімдер, табиғи шырындар мен өсімдік майын өндіру бағыттарында бірлескен кәсіпорындар құруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Тәжікстан инвестицияларын тарту арқылы инвестициялық ықпалдастықты арттыру мәселесі көтерілді.

Тараптар селекция, тұқым шаруашылығы, аграрлық ғылым мен білім беру салаларындағы байланысты күшейтуге де басымдық бермек. Білім мен технология алмасу ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Келіссөздер нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған арнайы Жол картасына 2026 жылдың екінші жартысында қол қою жоспарланып отыр.

Ұқсас материалдар