Әлемдік нарықта Brent мұнайы бағасы барреліне 108 долларға дейін көтерілгеніне қарамастан, Қазақстанның Ұлттық қор кірістері күрт төмендеген.
Energy Monitor деректеріне сәйкес, 2026 жылдың наурыз айында қорға түскен түсім 200 млн доллардан да аз болған. Бұл – соңғы уақыттағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Сарапшылар мұның бірнеше себебін атап өтеді. Біріншіден, мұнай экспортына қатысты қаржы ағындарының ашық еместігі. Екіншіден, түсетін табыстың бір бөлігі тікелей республикалық бюджетке бағытталып отыр.
Мәселен, Теңізшевройл компаниясының ай сайынғы экспорты шамамен 345 млн доллар кіріс әкеледі. Алайда бұл қаражаттың едәуір бөлігі Ұлттық қорға емес, бюджетке түсетіні айтылуда.
Сонымен қатар, Үкімет бірінші тоқсанда салық түсімдерінің артқанын хабарлады. Бұған Қашаған кен орны акционерлерінің корпоративтік табыс салығын төлеуі және Теңіз кен орны өндірісінің ұлғаюы әсер еткен.
Алдағы өзгерістер де салаға ықпал етуі мүмкін. 2027 жылдан бастап пайдалы қазбаларды өндіру салығы әлемдік бағаларға тікелей тәуелді болады. Бұл, әсіресе, ішкі нарыққа жеткізу міндеттемелерімен қатар, шағын мұнай компаниялары үшін қосымша жүктеме әкелуі ықтимал.
Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан, негізгі мәселе – қаржының қалай бөлінетіні мен басқарылуында. Яғни, қымбат мұнайдан түсетін табысты тиімді пайдалану мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.





