Қазақстан Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде 195 елдің ішінде 60-орынға тұрақтады.
Бұл – бір жылда 16 сатыға жоғарылау. Бұған дейін ел 76-орында болған.
Oxford Insights әзірлеген рейтингке сәйкес, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектіні енгізу мен басқару деңгейі бойынша көш бастап тұр. Индекс үкіметтердің ЖИ-ді мемлекеттік басқаруда, экономикада және қоғамдық процестерде тиімді қолдану әлеуетін бағалайды.
Ел ең жоғары нәтижені Public Sector Adoption бағыты бойынша көрсетті – 73,59 балл. Бұл электронды үкіметтің дамуы, цифрлық мемлекеттік қызметтер мен проактивті сервистердің кеңінен қолданылуын білдіреді.
Сарапшылар Қазақстанда дамып келе жатқан цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды, интернеттің жоғары қолжетімділігін және ұлттық цифрлық платформаларды атап өтті. Сондай-ақ стратегиялық құжаттардың болуы мен нормативтік базаның қалыптасуы елдің ЖИ саласындағы мемлекеттік саясатын жүйелі дамытуға мүмкіндік беріп отыр.





