Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда алғаш рет микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі

Қазақстанда алғаш рет микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі
21 желтоқсаннан бастап Қазақстанда микроқаржы омбудсманы жұмыс істей бастайды. Биыл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Соның ішінде микроқаржы омбудсманы да бар. Бұл туралы агенттіктің Сыртқы коммуникациялар Басқармасы хабарлады

Микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметтері тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Бұл ретте омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе микроқаржы омбудсманының шешімі 30 күннің ішінде орындалуы керек, делінген агенттік хабарламасында. 

Микроқаржы омбудсманының құзыретіне сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілері кірмейді. Сондай-ақ дәлелденбеген жағдайлар бойынша немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштер қаралмайды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 220 ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.




Ұқсас материалдар