Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда балық өнімдерін өндіру көлемі артты

Қазақстанда балық өнімдерін өндіру көлемі артты

Былтыр Қазақстанда 38 мың тоннадан астам балық ауланып, оның 12 мың тоннадан көбі қолдан өсірілген.

«Аквашаруашылық туралы» заңның күшіне енуі салаға серпін беріп, балық шаруашылықтарының саны мен өндіріс көлемі айтарлықтай артты, деп хабарлайды 24.kz.

Мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюі – субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу – кәсіпкерлердің бұл салаға қызығушылығын күшейткен. Қазір балық өсіру табысты бизнес бағыттарының біріне айналып отыр.

«2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы» аясында асыл тұқымды балық өсіруге қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап су беру қызметтерінің құнын субсидиялау тетігі іске қосылды. Бұл шығындардың 60-85 пайызына дейін өтеуге мүмкіндік береді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті басқармасының басшысы Бағдат Азбаевтың айтуынша, 2026 жылы салаға 5 млрд теңге субсидия бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп.

Нәтижесінде былтыр ішкі нарыққа 18 мың тоннадан астам балық және балық өнімі шығарылса, биыл бұл көрсеткішті 26 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда елде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, олардың жылдық қуаты 120 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 20 кәсіпорын өнімін экспортқа шығарады.

Қазақстандық балық өнімдері Еуроодақ елдеріне, сондай-ақ Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей және Қытай нарықтарына жеткізіліп жатыр.

Ұқсас материалдар