Қазақстанда зейнетақы төлемдерін тағайындау және төлеу рәсімдері цифрландырылып, бірқатар жаңа нормалар енгізіледі.
Тиісті өзгерістерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бекітті.
Жаңа қағидаларға сәйкес, зейнетақы тағайындау кезінде қажетті мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Олардың қатарында жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер қоры, азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесі, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының базалары, сондай-ақ сот және салық органдарының ақпараттық ресурстары бар.
Азаматтар зейнетақы тағайындауға өтінішті бұрынғыдай қағаз түрінде де, электронды форматта да бере алады. Егер қажетті мәліметтер мемлекеттік дерекқорларда болмаса, оларды растайтын құжаттарды өтініш берушінің өзі ұсынуы тиіс.
Сонымен қатар қосымша құжаттарды тапсыру қажеттігі туралы хабарламалар жаңа тәртіппен жолданады. Енді мұндай ескертулер азаматтарға SMS-хабарлама арқылы да жіберіледі. Қажетті құжаттарды ұсынуға 25 жұмыс күні беріледі.
Құжатта артық төленген зейнетақы қаражатын қайтару тәртібі де нақтыланған. Қайтару алушының өтініші бойынша, Мемлекеттік корпорацияның құжаттары негізінде немесе сот шешімімен жүзеге асырылады.
Өзгерістер қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында толық мемлекеттік қамқорлықта тұратын азаматтарға да қатысты болады. Ал зейнетақы төлемдерін тоқтату немесе қайта бастау туралы шешімдер мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде қабылданады.
Сондай-ақ зейнетақы істерінің электрондық нұсқалары уәкілетті органның цифрлық жүйесінде мерзімсіз сақталады.
Жаңа нормалардың басым бөлігі 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал жекелеген ережелер 13 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.





