Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп жатыр.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның Қытайға агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттау көлемі 82,4 пайызға артып, 550 миллион долларға жетті. Негізінен өсімдік майлары, мал азығы, зығыр, күнбағыс тұқымдары мен рапс майы экспортталған.
Өткен жылы екі ел арасындағы аграрлық тауар айналымы 36,8 пайызға өсіп, 1,97 миллиард долларға жеткен. Ал Қазақстаннан Қытайға экспортталған агроөнім көлемі 1,43 миллиард долларды құрады.
Кездесу барысында тараптар астық саудасын кеңейту, логистикалық хабтар мен «құрғақ порттарды» дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу технологияларын енгізу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай бірлескен цифрлық астық сауда платформасын құруға келісті.
Қазір екі ел арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 34 түрін экспорттауға рұқсат берілген. Қытай нарығына өнім жеткізуге Қазақстанның 3600-ден астам кәсіпорны енгізілген.





