«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ кейбір ақылы автомобиль жолдарының сапасы нашар учаскелерінде уақытша төлем алынбайтынын хабарлады.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді. Компанияның ақпаратынша, «ҚазАвтоЖол» мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандарынан құралған комиссия республикалық маңызы бар бірқатар ақылы жол учаскелерін тексеру барысында жол қозғалысының қауіпсіздігіне әсер ететін ақауларды анықтаған. Осыған байланысты Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін сапасы төмен жолдардың жекелеген бөліктерінде ақы алуды тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Дереккөзге сәйкес, 14 ақылы жолдағы сапасы нашар учаскелердің жалпы аумағы шамамен 1,1 млн шаршы метрді құрайды. 2026 жылғы 29 қаңтардан бастап бұл жолдарда жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін ақы алынбайды.
Кінәрат анықталған жолдардың кейбір учаскелері мыналар:
– Көкшетау – Петропавл
– Павлодар – Семей – Қалбатау
– Павлодар – Омбы
– Астана – Теміртау
– Алматы – Қонаев
– Қонаев – Талдықорған
– Шымкент – Қызылорда
– Орал – Самара
– Орал – Саратов
– Астана – Павлодар
– Қызылорда – Арал
– Ақтөбе – Орынбор
– Қостанай – Троицк
– Тараз – Қайнар
Компания жолдарды қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін ақы алу қайта енгізілетінін атап өтті.





