«ҚазМұнайГаз» компаниясының қаңтар-қыркүйек айындағы таза пайдасы 8,4%-ға азайды.
«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясы 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында ХҚЕС бойынша 866,885 млрд теңге көлемінде таза пайда алғаны компания есебінде көрсетілген.
2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте таза пайда 946,113 млрд теңгені құрады. Осылайша, биыл бұл көрсеткіш 8,4%-ға төмендеді.
Таза пайданы азайту негізінен бірлескен кәсіпорындар мен үлестес компаниялар пайдасының төмендеуімен байланысты.
Түсім 6,349 трлн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артқан. Бұл KMG International компаниясының мұнай сату көлемінің өсуімен түсіндіріледі.
Бірлескен кәсіпорындар мен үлестес компаниялар пайдасындағы үлес 28%-ға, 407,336 млрд теңгеге дейін төмендеді, бұл негізінен «Теңізшевройл» ЖШС-нің пайдасының 152,3 млрд теңгеге қысқаруымен байланысты. Себебі Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ҰЕҚБЖ) аясындағы объектілерді іске қосуға байланысты амортизациялық шығындар өскен.
2024 жылдың 9 айындағы EBITDA көрсеткіші 1,601 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға төмендеді. Бұл негізінен «Мұнай мен газды барлау және өндіру» және «Корпоративтік орталық» сегменттеріндегі «Теңізшевройл» ЖШС пайдасының 152,3 млрд теңгеге азаюынан болды.
Еркін ақша ағыны 1,012 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі 458 млрд теңгемен салыстырғанда жоғары.
2024 жылғы 30 қыркүйектегі жалпы қарыз 3,819 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 3,757 трлн теңгемен салыстырғанда жоғары.
2024 жылғы 30 қыркүйектегі таза қарыз 1,260 трлн теңгені құрап, 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 1,645 трлн теңгемен салыстырғанда азайды.
«ҚазМұнайГаз» – көмірсутектерді барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор.