
Президенттің тапсырмаларын орындау және аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасын бекітті.
Бұл жайында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа құжат халықтың өмір сапасын жақсартуға, сондай-ақ макроөңірлердің әлеуетін тиімді пайдаланып, негізгі даму бағыттары бойынша экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Тұжырымдамада агломерациялар, моноқалалар, тірек ауылдар және жаңадан құрылатын Алатау қаласының дамуы басымдыққа ие. Сонымен бірге әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейіндегі айырмашылықтарды азайтуға ерекше мән берілген.
– Қазіргі таңда Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, елді мекендердің қамтылу деңгейі 64%-ды құрап отыр. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу жоспарланған. Ал 2030 жылға қарай елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 40%-ға дейін өседі деп күтілуде, – деді вице-министр Бауыржан Омарбеков.