Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңсе отырысында жаңа Салық кодексінің енгізілетін ережелері қаралды.
Кездесу барысында бірнеше өзекті мәселе талқыланды.
Бау-бақша қоғамдары ҚҚС бойынша есепке тұруы керек пе?
Отырыста бау-бақша кәсіподақтарының өтініштері қаралды. Бау-бақша қоғамдары тұтыну кооперативі ретінде тіркеліп, коммерциялық емес ұйым мәртебесін алады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегінің 40 млн теңгеге дейін төмендеуі бұл кооперативтерді ҚҚС төлеуші болуға міндеттей ме деген сұрақ туындатты.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов түсіндіргендей, тұтыну кооперативі – жалпы шығынды жабу үшін мүшелердің жарнасынан ортақ қор құратын азаматтар бірлестігі. Бұл жарна тауар немесе қызмет үшін төлем болып саналмайды, сондықтан ҚҚС салынатын айналымға жатпайды. Яғни, мүшелік жарнаны алған кезде ҚҚС есептелмейді және шот-фактура жазылмайды.
ҚҚС бойынша міндет кооператив тек қосымша кәсіпкерлік қызмет жүргізіп, тауар немесе қызмет сатқан жағдайда ғана туындайды. Егер қызмет тек жарна жинаумен және оны мүшелердің қажеттілігіне жұмсаумен шектелсе, салық салынатын табыс пайда болмайды.
ЖЖМ импорты кезінде ҚҚС-тан босату
Кеңседе халықаралық тасымалдау кезінде әуе кемелері пайдаланатын жанар-жағармай материалының импортын ҚҚС-тан босатуды көздейтін Салық кодексінің 479-бабы талқыланды. Бұл норма дипломатиялық және консулдық мекемелерге отынды мақсатты пайдалану туралы қосымша растауды талап етеді. Отырыста қатысушылар бұл талаптарды артық деп танып, бюрократияны болдырмау үшін шарт қолданылмайтыны айтылды.
Резидент еместердің қызметі бойынша шот-фактура
2026 жылдан бастап резидент еместерден жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде шот-фактура жазып беру міндеті енгізіледі. Бұл ҚҚС төлеушілер мен төлемейтіндерге әртүрлі тәртіпте қолданылады. Мемлекеттік кірістер комитеті жақын арада нормалардың іс жүзінде қолданылуы бойынша ресми түсініктеме береді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жұмыс
Ұзақ қарастыруды қажет ететін мәселе – ЖШС құрылтайшысы болып табылатын жеке тұлғаға қатысты жалпыға бірдей белгіленген режимдегі КТС бойынша шығысты шегерімге жатқызу. Қазіргі кодексте мұндай шегерімге тыйым жоқ, жеке тұлғаның қосымша мәртебесі шегерімнен бас тартуға себеп бола алмайды.
Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін режим тек басқа кәсіпкерлік қызметті жүргізбейтін адамдарға арналғаны, еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шартпен алмастыруға жол берілмейтіні айтылды. Бұл мәселе келесі отырыста қаралатын болады.
Ауыл шаруашылығы өнімін бақылау
Арнайы салық режимін қолданатын шаруа қожалықтарының өнім өндірісін растау мәселесі де талқыланды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін сату кезінде сұр импортты болдырмауға бағытталған. Мал шаруашылығында малдың шығу тегі ақпараттық жүйе арқылы расталса, егін шаруашылығында қадағалау жүйесі қолданылады. Растау механизмі нақтылауды қажет етеді және мәселе Жобалық кеңсенің келесі отырысына шығарылады.





