2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес көлік салығын есептеу тәртібі өзгереді.
Енді жеңіл автокөліктердің пайдалану мерзімі ескеріледі: жасы 10–20 жыл аралығындағы көліктерге 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 түзету коэффициенті қолданылады. Бұл жеңілдіктер бойынша есептелген салық 2026 жыл үшін 2027 жылы төленеді.
Сондай-ақ қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін елде құрастырылған немесе әкелінген жеңіл автокөліктерге арналған жоғары салық мөлшерлемесі алынып тасталды.
Шаруа және фермер қожалықтары бір жүк платформасы мен бір пикап көлігі үшін көлік салығынан босатылады. Көлік санаты тіркеу куәлігінде көрсетілген жүргізу құқығына сәйкес айқындалады.
2026 жылдан бастап салық төлеушілер көлік салығын жылына бір рет, жылдық декларация арқылы төлейді. АЕК мөлшері 4 325 теңге болған жағдайда, қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын көліктерге жылдық салық 506 мың теңгеден асады.





