Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттеріне арналған 500 орындық жаңа жатақхана салынады.
Жобаны іске асыру туралы келісім университет ректоры Болат Тілеп пен Қытайдың Шэньси Ихэшеньфэнь өнеркәсіптік тобы өкілдерінің кездесуі барысында жасалды.
Жаңа студенттік кешенде:
– секциялық бөлмелер;
– оқу және демалыс аймақтары;
– асхана мен оқу залы;
– әлеуметтік нысандар;
– қауіпсіздік жүйелері қарастырылады.
Жоба студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік тапсырмалар аясында жүзеге асырылмақ.
Бұған дейін Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту мен жатақхана құрылысын кеңейтуді маңызды бағыттардың бірі ретінде атаған болатын.
Кездесу барысында компанияның бас директоры Лю Цзун Цзян университеттің ғылыми әлеуеті мен тарихи маңызын атап өтіп, жобаның оқу орнының 100 жылдығы қарсаңындағы маңызды бастама екенін айтты.
Қазіргі уақытта университетте 13 жатақхана жұмыс істейді.





