Министр Арман Шаққалиев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Родина ауылында болып, өңірдегі өндіріс мәдениеті мен инфрақұрылымның дамуымен танысты. Бұл ауыл елдегі агроөндірістің үлгілі орталықтарының бірі саналады.
Жүйелі мониторинг деректеріне сәйкес, әсіресе сүт өнімдері санатында қазақстандық брендтердің үлесі 70%-дан 90%-ға дейін жетіп отыр.
Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында министрлік сауда желілері, кәсіпкерлер палаталары және өңірлік департаменттер арасында үшжақты меморандумдар жасауда. Бұл тетік фермерлерге өнімін тікелей сөрелерге шығаруға мүмкіндік беріп, тұтынушылар үшін бағаның әділ болуына ықпал етеді.
Сонымен қатар Родина ЖШС мен Зенченко КТ сияқты ірі өндірушілердің фирмалық дүкендері кеңейтілуде. Қазіргі таңда Астана қаласында мұндай 15 сауда нүктесі жұмыс істейді, жыл соңына дейін олардың санын 20-ға жеткізу жоспарланған.
Министрдің айтуынша, негізгі мақсат – өнімнің егістіктен тұтынушыға дейінгі жолын толық цифрландыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау.
2025 жылы ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау жаңа деңгейге көтеріліп, жалпы құны 67,5 млрд теңгені құрайтын 458 жоба іске асырылды. Бұл қаражат инфрақұрылымды жаңғыртуға, сауда нысандарын дамытуға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталған.
Сонымен бірге Үкімет инфляциялық қысымды азайту үшін делдалдарды қысқартуға бағытталған цифрлық құралдарды енгізуде. Солардың бірі – фермерлер мен сауда желілерін тікелей байланыстыратын агромаркетплейс.
Бұдан бөлек, бірқатар өңірде әлеуметтік осал топтарға арналған цифрлық азық-түлік ваучерлері пилоттық режимде іске қосылған. Бұл жүйе арқылы тауарларды 25%-ға дейін арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, Иван Адамұлы Сауэр негізін қалаған «Родина» шаруашылығының табысты тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне тарату көзделіп отыр.





