Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтады

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтады

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл қатарынан төртінші рет қайталанып отыр.

Реттеушінің мәліметінше, шешім Ақша-кредит саясаты комитетінің отырысында қабылданған. Мөлшерлеме +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен белгіленген.

Ұлттық банк наурыз айында инфляция баяулағанын атап өтті: айлық көрсеткіш ақпандағы 1,1%-дан 0,6%-ға дейін төмендеген. Бұған қатаң ақша-кредит саясаты, айырбас бағамының тұрақтануы және тұтынушылық сұраныстың бәсеңдеуі әсер еткен.

Соған қарамастан, инфляциялық күтулер әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Халық алдағы бір жылда инфляция 14,6% болады деп болжаса, нарық қатысушылары 10% деңгейінде болады деп күтеді.

Сыртқы факторлар әсер етуде

Реттеуші Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының өсуіне ықпал еткенін атап өтті. Бұл Қазақстанға импортталатын тауарлардың қымбаттауына әсер етуде.

Сондай-ақ, Ресейдегі инфляция деңгейі әлі жоғары. Ал Еуропалық орталық банк пен АҚШ Федералдық резерв жүйесі де пайыздық мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырған.

Мөлшерлеме төмендеуі мүмкін

Ұлттық банк болашақта мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда бұл үшін инфляцияның тұрақты түрде баяулауы қажет.

Қосымша тәуекелдер қатарында коммуналдық тарифтердің өсуі, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы және мемлекеттік реттелетін бағалардың артуы аталады. Бұл факторлар бизнес шығындарын өсіріп, түпкілікті бағаға әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауда тарифтер мен салық өзгерістерінің ықпалы ескерілетінін айтқан.

Сарапшылардың пікірінше, инфляцияның баяулауы әлі тұрақсыз болғандықтан, жақын арада базалық мөлшерлеме деңгейі өзгермеуі мүмкін.

Ұқсас материалдар