Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк бизнесті кредиттеуді кеңейту жұмысын жалғастырады

Ұлттық банк бизнесті кредиттеуді кеңейту жұмысын жалғастырады

Қазақстанда банктердің экономиканың нақты секторын, әсіресе шағын және орта бизнесті қаржыландыруын кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасады.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мәлімдеді. Реттеуші органның хабарлауынша, бұл бағытта Үкімет және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде банктердің табысына салынатын корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемелері енгізілген.

2026 жылдан бастап бизнесті кредиттеуден түсетін табысқа 20% мөлшерлеме, ал өзге қызмет түрлерінен түсетін табысқа 25% мөлшерлеме қолданылады. Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысқа да салық салу тетігі енгізілді. Бұл қадам кредит беру мен инвестициялық қызмет арасындағы салық теңгерімін қалыптастыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, жаңа реттеу шаралары банктерге шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландырғанда, сондай-ақ ірі жобаларды синдикатталған қаржыландыруға қатысқанда капитал жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

2025 жылы Үкімет екі кепілдік қорын құрды. Бұл бастама кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлердің де несие алуына жол ашады.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, қабылданған шаралар банктердің нақты секторды қаржыландыруға белсенді қатысуын арттырып, капиталды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен қаржы реттеушісіне 2030 жылға дейін сақтандыру және қор нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Ұқсас материалдар