
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі инфляцияны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шараларды таныстырды.
Оның айтуынша, шілде айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 11,8% болды. Бұған сыртқы тұрақсыздық, баға мен салық реформалары, сондай-ақ ақша массасының ұлғаюы әсер еткен.
Негізгі шаралар:
-
Ақша-кредит саясаты – теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтау және тұтыну көлемін азайту мақсатында қатаң саясат жүргізілуде.
-
Фискалдық тәртіп – жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Мақсат – мемлекеттік қаржының тұрақтылығын арттыру және бюджеттің Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділігін азайту.
-
Қаржы нарығын бақылау – тұтынушылық кредиттеуді реттеу жұмысы күшейтілді. Бұл бағытта капиталдың контрциклдік буфері енгізілді.
-
Тарифтер мен бағалар – Үкіметпен бірлесіп тарифтік және баға реформаларын икемді бейімдеу мәселесінде келісімге қол жеткізілді.
-
Қосымша шаралар – алтын сатып алу кезіндегі валюталық операциялар арқылы биылғы жеті айда нарықтан 1,7 трлн теңге алынды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш шамамен 3 трлн теңгеге жетпек. Сонымен қатар ең төменгі резервтік талаптар көтеріліп, айналымнан қосымша 3 трлн теңге шығарылады деп күтілуде.
Ұлттық банк басшысы аталған қадамдар ақша-кредит саясатының тиімділігін арттырып, инфляцияны төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.