Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр

Ұлттық банк инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысына қатысты.

Жиында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін инфляцияға қарсы іс-қимылды үйлестіру тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды. 

Отырысқа қатысушылар макроэкономикалық тұрақтылыққа жету үшін инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуге бағытталған қадамдарды талқылады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны 5%-дық межесіне жеткізу — макроэкономикалық саясаттың басты бағыты болып қала беретінін қадап айтты.

Инфляциялық күтулерді тұрақтандыру мен инфляцияны төмендетудің орнықты бағытын қалыптастыру мақсатында Ұлттық банк ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыра береді.

– Ұстамды қатаң ақша-кредит саясатынан бөлек, Ұлттық банк қосымша шаралар қабылдап жатыр, соның ішінде макропруденциялық сипаттағы шаралар да бар. Мәселен, қабылданған шешімдерді барынша ашық, сенімді ету үшін Ақша-кредит саясаты комитеті мүшелерінің базалық ставканың болжанған траекториясына қатысты жеке бағалары (жылына 4 рет), сондай-ақ базалық ставка бойынша қабылданған шешімді талқылау қорытындысының қысқаша мазмұны (жылына 8 рет) жарияланып отырады. Бұл шаралар Ұлттық банктің инфляцияны 5%-ға жеткізу мақсатына жету жолындағы қадамдарын барынша ашық етуге мүмкіндік береді, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Жыл басынан бері Ұлттық банк алтын сатып алуда монетарлық бейтараптық ұстанымын ұстанып келеді. Биылғы маусымға дейін стерилизацияланған ақша көлемі 1,4 трлн теңге баламасына жетіп, инфляция қысымын азайтуға ықпал етті.

Сондай-ақ азаматтардың кредиттеріне контрциклдік капитал буферін енгізу туралы шешім қабылданды. Қазір банктерге қойылатын минималды резерв талаптарын өсіру, қарыз жүктемесінің коэффициенті мен қарыздың табысқа қатынасы сияқты қосымша реттеу құралдарын жетілдіру бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында көздеген инфляция деңгейіне жету үшін барлық жауапты мемлекеттік орган келісілген әрі жүйелі шаралар қабылдауы қажет екені айтылды. Бұл ретте халық пен бизнестің сенімін нығайту, инфляцияны күтуді төмендету мен жүргізіліп жатқан реформаларды барынша тиімді ету мақсатында ақпарат саясатын күшейтуге де назар аудару қажет екені сөз болды.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендерін, соның ішінде 2025-2026 жылдардағы инфляцияны бақылау және төмендетуге бағытталған жаңартылған шаралар кешенін Үкіметтің жеке қаулысымен қабылдауға дайын екендерін растады. Ұлттық банк пен Үкімет баға тұрақтылығы мен макроэкономикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін күш салады.

Ұқсас материалдар