Қазақстан Ұлттық Банкі әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты мұнай бағасына қатысты болжамын қайта қарады.
Енді 2026 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 90 доллар болады деп күтілуде.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, болжамның өзгеруіне Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал әсер еткен. Өңірдегі қақтығыстар әлемдік энергетика нарығындағы белгісіздікті күшейтіп, мұнай бағасының өсуіне ықпал етіп отыр.
«Біз Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мұнай бағасы жөніндегі болжамымызды жоғарылаттық. Біздің бағалауымыз бойынша, 2026 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 90 доллар болады», – деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар Ұлттық банктің жаңа болжамына сәйкес, алдағы жылдары мұнай нарығындағы жағдай біртіндеп тұрақталады. Атап айтқанда, 2027 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 доллар, ал 2028 жылы 65 доллар деңгейінде қалыптасады деп күтіліп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан экономикасы мен бюджет кірістеріне оң әсер етуі мүмкін. Алайда бұл көрсеткіштер әлемдік нарықтағы геосаяси жағдай мен сұранысқа байланысты өзгеруі ықтимал.





