
Ұлттық қор Бюджет кодексінде белгіленген түсімдердің есебінен қалыптастырылады. Ұлттық банк Үкіметке Ұлттық қор қаражатын есепке алу және оны жұмсау үшін теңгелік шот және шетел валютасында түсетін қаражаттың теңгелік баламасын есепке алу үшін теңгеде тиісті шот ашады.
Мұнай секторы ұйымдарына:
– шикі мұнайды, газ конденсатын өндірумен айналысатын заңды тұлғалар;
– шикі мұнайды, газ конденсатын барлауға келісімшарттар жасасқан заңды тұлғалар;
– жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берген пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушылар жатады.
Мұнай секторы ұйымдарының келесі қаржы жылына арналған тізбесі ағымдағы қаржы жылының желтоқсанында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және жер қойнауын пайдалану, мұнай келісімшарттарын жасасу және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын құзыретті органмен бірлесіп бекітіледі.
Мемлекеттік қазынашылық айдың басына дейін кемінде бес жұмыс күнінен кешіктірмей Ұлттық қорға жіберілетін және Үкіметтің Ұлттық банкте ашылған шоттарына аударылатын түсімдер сомаларының алдағы айға арналған болжамын Ұлттық банкке ұсынады.
Үкіметтің Ұлттық банкте ашылған теңгелік шотында түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін келесі ай сайынғы кепілдендірілген трансфертті аудару шеңберінде жүзеге асырылатын алып қою үшін жеткілікті сомада қаражат жиналғаннан кейін қаржы нарығындағы ахуалға қарай қаражат Ұлттық қордың Ұлттық банкте шетел валютасында ашылған шотына есепке жатқызыла отырып, теңгелік шоттан айырбасталады.
Шетел валютасындағы түсiмдердi Ұлттық банк мемлекеттiк қазынашылықтың корреспонденттiк шоттарына шетел валютасында есепке жатқызады. Ұлттық қорға есепке жатқызуға арналған валюталар түрлері бойынша шетел валютасын қайта айырбастауды мемлекеттік қазынашылық Ұлттық банктен электрондық түрдегі төлем құжаттары қоса берілген шетел валютасындағы шоттар бойынша үзінді көшірмелерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Шетел валютасы қайта айырбасталғаннан кейін мемлекеттік қазынашылық теңгемен алынған соманы Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызады және сол жұмыс күні бюджетті атқару рәсіміне сәйкес шетел валютасында түсетін қаражаттың теңгелік баламасын есепке алу үшін Үкіметтің тиісті шотына теңгемен аударады, Үкіметтің шоттарына есепке жатқызылатын шетелдік валютаны дәйекті түрде қайта айырбастау және айырбастау операциясы үшін Ұлттық банк белгілеген хабарламалар, өтініштер беру және соманы теңгемен есепке жатқызу кестесін сақтайды.
Ұлттық банк Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістерді есепке алуды кастодиандардан түсетін ақпараттың негізінде есепке жазу әдісімен жүргізеді. Инвестициялық кірістердің сомасы Ұлттық қор кастодианының шоттарында Ұлттық қор активтерінің құрамында көрсетіледі.
Ұлттық қорға түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге түсімдер мен кірістерді заңды және жеке тұлғалар Үкіметтің Ұлттық банкте ашылған шотына аударады.
Ұлттық қор қаражатын пайдалану тәртібі
Ұлттық қордың қаражатын пайдалану Бюджет кодексінде көзделген мақсаттарға ғана жүзеге асырылады. Ұлттық қордың қаражатын жұмсау Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт түрінде, Президент айқындайтын мақсаттарға аса маңызды объектілер мен жалпы елдік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер түрінде, нысаналы талаптарды төлеу және нысаналы жинақтарды аударуға, есепке жатқызу мен төлеуге байланысты банктік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу түрінде, сондай-ақ Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабу түрінде жүзеге асырылады.
Үкіметтің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысының негізінде мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді, оларға сәйкес республикалық бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді қаржы жыл ішінде тиісті кезеңге көзделгеннен аспайтын көлемде тарту жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қазынашылық республикалық бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің бекітілген көлемін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттердің бекітілген көлемін айларға бөле отырып, Ұлттық банкке жеткізеді және Ұлттық банк аударуды жүзеге асыратын деректемелер туралы хабарлайды.
Мемлекеттік қазынашылық республикалық бюджеттің Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансфертке қажеттілік көлемін ай сайын болжайды.
Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансфертке республикалық бюджет қажеттілігінің алдағы айға арналған көлемін болжау республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы бюджет қаражатының қалдығы, республикалық бюджетке түсетін түсімдердің күтілетін көлемінің болжамдары мен республикалық бюджет шығыстарының алдағы айда күтілетін атқарылуы және республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ай сайын мемлекеттік қазынашылыққа ұсынатын ақпарат ескеріле отырып айқындалады.
Ұлттық қордан кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді бөлуге арналған өтінімді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасайды, оған бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға қол қояды және келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей Ұлттық банкке жіберіледі.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің ақша қажеттілігінің қажетті көлемін аудару ай сайын Ұлттық банкке жіберілетін өтінімнің негізінде жүзеге асырылады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттерді аудару Ұлттық банкке жіберілетін өтінімнің негізінде жүзеге асырылады.
Ұлттық банк бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның өтінімі негізінде оны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде кепілдік берілген трансферттің мәлімделген сомасын, он бес жұмыс күні ішінде Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансфертті республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударады.
Үкімет қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледi.