
Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе Digital Bridge 2025 форумында Kaspi.kz қосымшасындағы жаңа сервистер мен компанияның Түркиядағы даму жоспарлары туралы айтты.
Михаил Ломтадзе атап өткен алғашқы жаңалық - жақында Kaspi қосымшасына Glovo арқылы тамақ жеткізу қызметі қосылды.
«Біз алдымен өзімізден бастадық, кейін біртіндеп клиенттерді қостық. Жақсы пікір алдық – енді Glovo Kaspi.kz ішінде толыққанды жұмыс істейді», – деді Kaspi.kz басшысы.
Ол сондай-ақ, қазақстандықтар жиі сұрайтын такси сервисін іске қосу туралы сұраққа да жауап берді.
«Жоқ, әзірге ондай жоспар жоқ. Бізддің Яндекс-пен қарым-қатынасымыз өте жақсы, онда да клиенттерін ойлайтын керемет мамандар жұмыс істейді», – деп жауап берді.
Яндекс Kaspi Магазиннен экспресс-жеткізу бойынша негізгі серіктес болып табылады. Қызметтің адалдық индексі 90%-ға жетеді – 10 клиенттің 9-ы сапасына риза.
Kaspi әлемдік нарық үшін бірегей сервистерді дамытуды жалғастыруда. Қосымша арқылы автокөлік тіркеуге, жүргізуші куәлігін алуға, туу туралы куәлікті рәсімдеуге және кезектерден құтылуға болады.
«Мұндай мүмкіндік әлемнің ешбір елінде жоқ – бұл ерекшелік тек Қазақстанмен ғана байланысты», – деп атап өтті Kaspi.kz басшысы.
Қазақстаннан тыс жерде компания Түркияға басымдық беруде. Қазақстаннан айырмашылығы, Түркияда даму біздегідей финтехтен емес, e-commerce-тен басталады. Ол үшін Kaspi 17 млн белсенді қолданушысы (MAU) бар нарық көшбасшыларының бірі – Hepsiburada компаниясын сатып алды. Салыстыру үшін айта кетейік Kaspi.kz-те 15 млн қолданушы бар.
«Электронды коммерция негізінде біз Қазақстанда бар сервистерді ұсына бастаймыз. Біздің мақсатымыз – Kaspi.kz клиенттеріне қолжетімді жоғары сапалы өнімдерді Түркияда да іске қосу», – деді Ломтадзе.
Сонымен қатар Kaspi биылғы жылдың соңына дейін Түркияның Rabobank A.S. банкін сатып алу жөніндегі келісімді аяқтауды жоспарлап отыр.
«Иә, қазір реттеушілердің келісу процесінен өтіп жатырмыз. Бұл филиалдық желісі жоқ банк, онда 27 адам жұмыс істейді. Біз үшін бұл – Түркия нарығында қаржылық қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретін лицензия алу жолы», – деді Михаил Ломтадзе форумда.
Оның айтуынша, Түркияда электронды коммерция сервисі іске қосылады және ол Қазақстандағы Kaspi өнімдеріне ұқсас болады. Ал банкті сатып алу Hepsiburada e-commerce платформасының қаржылық бөлігін қамтамасыз ету үшін қажет. Rabobank пен Hepsiburada Қазақстандағы Kaspi.kz бөлімшелері сияқты өзара байланыста жұмыс істейтін болады.
«Қазір Түркияда бірлескен командалармен жасап жатқан бірнеше өнім бар. Болашақта оларды Қазақстанда да ұсынуды жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді финтех басшысы.
Михаил Ломтадзенің айтуынша, таяу уақытта түрік кәсіпкерлерінің тауарлары Kaspi-де, ал қазақстандық кәсіпкерлердің тауарлары Hepsiburada-да пайда болады.
«Біз Түркиядан Қазақстанға және Қазақстаннан Түркияға тауарларды ең жылдам жеткізуіміз керек», – деді ол.