Әлемдік нарықта мұнай бағасы өсім көрсетсе, бағалы металдардың құны төмендей бастады.
Сарапшылар мұнай котировкаларының нығаюын әлемдегі геосаяси ахуалдың әлі де тұрақсыз болуымен байланыстырып отыр.
29 маусымдағы сауда қорытындысы бойынша, Brent маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстері 1,5 пайызға қымбаттап, барреліне 73,07 долларға жетті. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстері шамамен 2 пайызға өсіп, барреліне 70,61 долларды құрады.
Соған қарамастан, мұнай бағасы өткен аптадағы ең жоғары деңгейінен төмен күйінде қалып отыр. Сауда барысында Brent маркасының бағасы барреліне 72,58–73,61 доллар аралығында құбылды. Соңғы бір аптада мұнай бағасы 5,48 пайызға, ал бір ай ішінде 20,4 пайызға төмендеген.
Нарықтағы тәуекелді активтерге деген сұраныстың артуы бағалы металдардың құнына кері әсер етті. Соның нәтижесінде алтынның тамыз айындағы фьючерстері 1,64 пайызға арзандап, бір трой унциясы 4030,9 доллар болды.
Күмістің шілде айындағы фьючерстік келісімшарттары да 1,62 пайызға төмендеп, бір унциясының бағасы 58,71 долларды құрады.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы кезеңде мұнай бағасының динамикасына геосаяси факторлар мен әлемдік сұраныс көлемі ықпал етсе, алтын мен күмістің бағасы инвесторлардың қорғаныс активтеріне деген қызығушылығына байланысты қалыптасады.





