«Отбасы банкіндегі» жаңа тұрғын үй кезегіне 3 күнде 170 мыңдай өтінім түскен

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 24 мамырда іске қосылған баспана кезегінің жаңа жүйесіне қатысты түсінік берді.
«24 мамырдан бастап өзгеріс енгізілді. Енді «Отбасы банкінде» бір терезе орталығы бар. Жүйе іске қосылғалы көп өткен жоқ, сонда да одан бері 170 мыңдай өтінім келіп түсті, оның 70 мыңдайы нақтыланып, қабылданды», – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы енді баспана кезегі тізіміндегі адамдардың саны артуы мүмкін екенін атап өтті.
«Бұған дейін баспана алуға кезекке тұрған адамдар саны 650 мыңдай болды. Соңғы күндері, жоғарыда айтқанымдай, бұл тізімге 70 мыңдай адам қосылды. Жалпы баспаналардың 70 пайызы әлеуметтік осал топтағы адамдар санатына беріледі. 30 пайызы кезекке тұрған уақытына қарай қалған адамдарға беріледі, мұнда қосымша тағы бірнеше критерий бар», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Мәліметке сай, баспана берілерде екі жағдайға басымдық беріледі: үміткердің табысы мен кезекке тұрған уақыты. Табысы төмен адамдарға кейін жекешелендіру құқығымен арендалық баспана беріледі.