Қош бол, Миттал! АрселорМиттал Теміртау мен Ақтау құбыр зауытының жаңа иесі белгілі болды
Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жаңа иесі болды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Министрдің айтуынша АрселорМиттал акционерлері «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының құнын 3,5 млрд долларға бағалаған. 11 раундтан тұратын келіссөздер нәтижесінде оның құны 286 млн долларға төмендеген. Бұдан кейін Қазақстан екі кәсіпорынды «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ мемлекеттік тікелей инвестициялар қоры арқылы сатып алған.
«Қазақстан Үкіметі мен «АрселорМиттал» арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, оның еліміз үшін маңызы ерекше. «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының құнын 3,5 млрд доллардан 286 млн долларға дейін төмендеттік. Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелері бойынша жауапкершілікті мойнына алды. $286 млн – толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны», - деп түсіндірді министр.
Мәміле аяқталған соң мемлекет қос кәсіпорынды тура осы бағаға және 250 млн доллар қысқамерзімді, 450 млн доллар ұзақмерзімді қарзымен қоса Андрей Лаврентьевке сатқан. Бизнесмен бұл жобаға Allur Group арқылы кірмейді, яғни жаңа компания ашқан.
Шарлапаевтың айтуынша Лаврентьев мұны сатып алу үшін өз қаражатынан бөлек Astana International Exchange (AIX) биржасынан облигация шығарған, жеке қаржы көздерін тартқан.
Жаңа инвестор Андрей Лаврентьев 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Allur Group» компаниялар тобының Директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар. Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.
Андрей Лаврентьев бұл сатып алу келісімі туралы әлі пікір білдірген жоқ. Ал жекелеген сарапшылар бұл өте тиімді келісім болғанын айтуда.
Еске салайық, 28 қазанда Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада кезекті рет өрт шығып, 46 шахтер қаза тапты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына барып, қаза тапқандарды туыстарына көңіл айтты және «АрселорМиттал Теміртау»-дың иелерімен серіктестікті тоқтатуды тапсырды.