
2025 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттері азаматтардың құқықтарын жалпы сомасы 690,5 млн теңгеге қорғады.
Бұл – жүйелі әрі мақсатты жұмыстың нақты нәтижесі. Аталған кезеңде 122 тұтынушының мүддесін қорғауға бағытталған 34 резонанстық іс қаралып, 461,9 млн теңге көлемінде өтемақы қайтарылды. Осы істердің қатарында қайтарылған сома 5 млн теңгеден асқан жағдайлар да бар.
«Алматы қаласында пәтер сатып алған азаматқа заңмен көмек көрсетілді. Қабырғалардағы жарықтар, жылу оқшаулауының нашарлығы және шектен тыс шу деңгейі анықталған соң, тұтынушының шағымы негізінде 25,9 млн теңге қайтарылды.
Астана қаласында премиум санатындағы автокөлік сатып алған азамат көліктің рулдік басқару жүйесіндегі ақауға тап болған. Сот процесіне департаменттің қатысуымен сатушыдан 45,8 млн теңге өндіру туралы шешім қабылданды. Мұндай ақауы бар автокөлікке қатысты істердің жалпы саны 21, ал қайтарылған қаражат көлемі 338,2 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар, Павлодар облысында үш тұтынушыға 53,8 млн теңге, Қызылорда облысында техникалық талаптарға сай келмеген ойын жабдықтарын сатып алған тұтынушыға 6,4 млн теңге қайтарылды», – делінген ақпаратта.
Кейбір даулар сот арқылы шешілді, өйткені құқық бұзушылықтар ондаған тұтынушыны қамтыды.
«Бірнеше адамның құқықтары бұзылған ұжымдық шағымдарға да ерекше назарда. Павлодар облысында толық ақпарат берілмей рәсімделген косметикалық өнімдерге арналған несиелер бойынша 17 тұтынушыға 9,1 млн теңге қайтарылды. Түркістан, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында тағы 33 тұтынушы сапасыз массаж жабдықтары, тұрмыстық техника және орындалмаған шипажай жолдамалары үшін 7,5 млн теңге көлемінде қаражаттарын қайтарып алды. Атап айтқанда, Шымкент қаласында бес тұтынушыға 1,3 млн теңге, Сарыағаш ауданында шипажай жолдамалары үшін төленген 1 млн теңге қайтарылды», – делінген хабарламада.
Мысалы, Жетісу облысында смартфонды жеткізбегені үшін департамент сотқа жүгініп, нәтижесінде 17 тұтынушыға 7,2 млн теңге қайтару туралы шешім шықты. Оның ішінде 9 тұтынушы ақшасын сот шешіміне дейін қайтарып алған. Павлодар облысында көрсетілмеген қызметке қатысты дау медиация тәртібімен аяқталып, 12 тұтынушыға 900 мың теңге қайтарылды.