Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар жинақталған 72 томдық жарыққа шықты
Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысы қорытындыланды. Үш жылдық жұмыстың нәтижесінде 311 мыңнан астам адам ақталып, барлық өңірден жиналған құжат, материалдар негізінде 72 томдық жинақ жарыққа шықты.
«Мемлекеттік комиссия тиімді жұмыс істеп, бұрын-соңды болмаған орасан зор шаруаны жүзеге асырды. Осы жұмысқа белсене қатысып, күш-жігерін жұмсаған тарихшы-ғалымдарымыз бен өзге де мемлекеттік органдарға зор алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Мемлекеттік комиссия тарихи әділдіктің салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты», деп атап өтті жиынды ашқан Ерлан Қарин.
Комиссия жұмысының нәтижесін атап өткен Мемлекеттік кеңесші саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ең маңызды ақпараттар жиналған 72 томдық маңызды жинақты да көпшілікке таныстырылды.
«Мемлекеттік комиссия, ең алдымен, зерттеу, іздеу және жинақтау мен талдау жұмыстарына баса мән берген болатын. Комиссия жұмысына атсалысқан ғалымдар 1920-1950 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңін зерделеді. Алғашқы күннен бастап жұмысты жүйелеп, оның ауқымын анықтап алдық. Сол арқылы еліміздің теңдессіз мұрағат материалдарының ашылуына және бұрын-соңды болмаған әдістемелік зерттеу архитектурасын қалыптастыруға жол ашылды»,– деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі.
Жиын барысында белгілі болғандай Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші болса, олардың 260-тан астамы аймақтық комиссияда еңбек еткен. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарған. Олар жинақтаған құжаттар мен зерттеу негізінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталған.
«Мемлекеттік комиссия құрылғаннан бастап, бұл жұмысқа Ғылым және білім министрлігі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп атсалыстық. Мемлекеттік комиссиясының Ғылыми зерттеу құрылымына айналған Президент архиві жанынан саяси қуған сүргін материалдарын зерттеу орталығы құрылды. Өйткені барлық материалдарды бір жерге жинау қажет болды. Мемлекеттік комиссия, өңірлік комиссияларды қосқанда алғашқы кезде он жұмыс тобы жұмыс жасады. 2022 жылдан бастап, үш ғылыми зерттеу тобы осы жұмыстарды атқарды. Архивтерден табылған материалдар сараптамадан өткізіліп, жетпіс екі томға жинақталды. Ол енді ары қарай ғылыми сараптама жасалуы керек. Бұл жұмыстарды ары қарай ғылыми бағдарлама шеңберінде жалғасады деген ойдамыз. Мұндағы ақпараттың барлығы ғылыми қауымдастыққа жеткізіліп, келешекте әртүрлі ғылыми зерттеулермен, керекті сараптамалар өткізіліп, диссератциялар қорғалады, жаңа тақырыптар талқыланады, соның нәтижесінде толыққанды ғылыми тұрғыдан негізделген тұжырымдамалар шығарылады. Өйткені бұл ақпараттардың барлығы қоғамға жетуі керек», дейді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың айтуынша үш жылда Комиссия тарихшылар, заңгерлер мен әдебиетшілер біріге отырып, өте ауқымды жұмыс істеген.
«Осы үш жыл ішіне тек қана бір ізбен мемлекеттік комиссияның мұрағат материалдары ретінде 70-тен астам құжаттар жинағы әзірленді. Соңғы екі жылда Алматы қаласы Президент мұрағатында жүз жылда жиналған материалмен тең 700-ге жуық құжат жиналды. Репрессия құрбандары атылған жерлер анықталып, болашақта оларға белгі қойылатын болды. Ономастикалық комиссияға ұсыныстар беріліп жатыр. Бұрын аты аталмаған, дұрыс зерттелмеген Алаш зиялылары, қазақтың мықты қайраткерлері туралы тың ақпараттар шықты. Зерттеу жұмыстары әлі деп жалғасын табады, оған арнайы бағдарламалар жасалып, гранттар тағайындалады», дейді Зиябек Қабылов.
Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған Комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бергенін, нәтижесінде өте ауқымды жұмыстар жасалғанын атап өтті.
Жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекеттік комиссия өзінің басты міндетін табысты орындағанын, бұл жұмысты ары қарай XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастыратынын атап өтті. Қазіргі кезде Орталыққа арнаулы мемлекеттік архивтерден 2 жыл ішінде осы репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілген. Бұл құжаттар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріліп, электронды қор түрінде жинақталады.