Солтүстік Қазақстан облысы аумағында ірі ағаш өңдеу зауытының құрылысы жоспарланып отыр.
Жобаның жалпы құны 70 млрд теңгені құрайды, ал іске асыру мерзімі 2026-2028 жылдарға белгіленген.
Жоба аясында жылына шамамен 600 мың текше метр ағаш-жаңқалы плиталар (ДСП) және 20 млн шаршы метр ламинацияланған ағаш-жаңқалы плиталар (ЛДСП) өндіру көзделген. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда кемінде 160 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мәліметінше, келісім инвестордың қазақстандық өндірушілердің тауарларын, шикізаты мен қызметтерін міндетті түрде пайдалануын қарастырады. Сонымен қатар өндірілген өнімнің кемінде 50%-ы ішкі нарыққа бағытталмақ.
Жобалық қуаттың 80%-ына шыққаннан кейін отандық өнім экспортының көлемі жылына 60 мың текше метрге дейін жетеді деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ инвестор қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту міндетін де өз мойнына алады.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысы аумағында да ағаш өңдеу зауытын салу жоспарланған болатын.





