Алматы. 26 мамыр. 7kun.kz – 2022 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың жинағы 13 трлн теңгені құрайды. Жыл басынан бері қазақстандықтар зейнетақы қорына 523 млрд теңгеден астам ақша аударған, деп хабарлайды 7kun.kz.
БЖЗҚ таратқан мәлімет бойынша, 2021 жылдың 1 мамыры мен 2022 жылдың 1 мамыры аралығында жинақ сомасы 356,9 млрд теңгеге немесе 2,8%-ға өскен.
«Жинақтардың ұлғаюы жарналар мен инвестициялық кірістер түріндегі кіріс ағындарын, сондай-ақ, зейнетақы төлемдері түріндегі шығыс ағындарды, оның ішінде тұрғын үй мен емделуге арналған біржолғы төлемдерді ескере отырып қалыптасты», деп жазылған ресми хабарламада.
Қордың мәліметінше, зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан және 12,6 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 377,4 млрд теңгені (18,2%-ға өсті), ерікті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы шамамен 1,8 млрд теңгені құраған.
Салымшылардың жарналарынан басқа, 2022 жылдың алғашқы 4 айында 128,7 млрд теңге таза инвестициялық кірістен түскен. Ал БЖЗҚ-дағы шоттардың саны 11,7 млн болды.
Жыл басынан бері БЖЗҚ 921,4 млрд теңге бөліпті. Төлемдердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (ЖЗҚ) болды. Ол – 831,7 млрд. теңгені құрады.