Қазақстанда 130,4 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы жинағы иесіз қалып отыр.
Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры lsm.kz сауалына берген жауабында хабарлады.
Қор дерегінше, 82 568 зейнет жасына жеткен азамат төлем рәсімдемеген – олардың жинағы 22,7 млрд теңге. Шетелге тұрақты тұруға кеткен 172 489 адамның шотында 49,4 млрд теңге бар. Ал қайтыс болған деп танылған 295 640 салымшының 58,3 млрд теңгесін мұрагерлері талап ете алады.
БЖЗҚ иесіз қалған қаражат есептен шығарылмайтынын атап өтті. Жинақтар жеке шоттарда сақталып, өтініш берілгенге дейін инвестицияланып, табыс әкелуді жалғастырады.





