Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Зейнетақы қорындағы инвестициялық табыс көлемі 2 трлн теңгеден асты

 Зейнетақы қорындағы инвестициялық табыс көлемі 2 трлн теңгеден асты

2025 жылғы ақпаннан 2026 жылдың қаңтарын қоса алғандағы 12 айдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың зейнетақы активтері бойынша есептелген инвестициялық кіріс шамамен 2,28 трлн теңгені құрады.

Осы кезеңдегі кірістілік деңгейі 9,74% болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мәліметінше, инвестициялық табыстың қалыптасуына зейнетақы активтерін басқару нәтижелерімен қатар валюта бағамдарының құбылуы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі әсер еткен.

Сарапшылар зейнетақы активтерінің қысқа мерзімді кезеңдегі кірістілігі олардың ұзақ мерзімді басқару тиімділігін толық көрсетпейтінін атап өтеді. Себебі кірістілік деңгейі қаржы құралдарының бағасына, валюта бағамына және басқа да нарықтық факторларға байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кірісті бағалау ұзақ мерзімді кезеңде жүргізілгені дұрыс.

Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгеннен бері 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жинақталған инвестициялық кірістілік 1 173,15%-ды құрады. Ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 952,32% болған.

Сонымен қатар 2014 жылдан бері, яғни зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрамына біріктірілгеннен кейін, салымшылар үшін есептелген таза инвестициялық кіріс 13,99 трлн теңгеге жетті. Бұл қаражат төлемдерді есептегендегі зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің шамамен 41,5%-ын құрайды.

Бүгінде салымшылар өз зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруына беру құқығына ие. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақтардың 50%-на дейін, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 100%-ына дейін қаражатты басқаруға беру мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, Қазақстанда Ұлттық банк басқаратын міндетті зейнетақы жарналары бойынша инфляция деңгейін ескере отырып, жинақтардың сақталуына мемлекеттік кепілдік беріледі. Егер жекелеген кезеңдерде кірістілік төмендесе, айырманың өтемақысын мемлекет өтейді.

Ұқсас материалдар