Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға қойылатын жеткіліктілік шегі қайта көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Сенаттағы брифингте Ербол Тұяқбаев мәлімдеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрінің айтуынша, қазір бұл мәселе бойынша есептеулер жүргізіліп жатыр. Талқылауға Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен мемлекеттік органдар қатысуда.
«Біздің міндет – азаматтарды қартайғанда лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету», – деді Тұяқбаев.
Әзірге шектің нақты қанша пайызға өсетіні белгісіз. Алайда вице-министр өзгерістер 2026 жылдың өзінде күшіне енуі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, шешім мамыр айының соңына қарай қабылдануы ықтимал. Осыдан кейін жаңа талаптар туралы ресми ақпарат жарияланады.





