2024 жылы Қазақстанға қайтарылған активтердің жалпы сомасы 220 млрд теңгені құрады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, бұл қаражат инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған.
«Комиссия оларды қарап, білім беру мен әлеуметтік нысандарды дамыту үшін аймақтарға жібереді. Қайтарылған активтерді пайдалана отырып, біз 2 жобаны іске асырдық, комиссия тағы 18 жобаны іске асыру туралы шешім қабылдап жатыр», – деп түсіндірді қаржы вице-министрі.
Еске салайық, қазірдің өзінде Үкімет арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына 50,6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді. Олардың қатарында төрт мектеп, оның ішінде бір музыка мектебі, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, екі балабақша бар.
«Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» заңның субъектілері есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында да бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынып жатыр.