Белгілі журналист Дәнеш Асқарбекұлы жауын жауғызып, Аралды суға толтырамын деген Алтай Айнабек туралы пікір білдірді.
Журналистің жазуынша әлеуметтік желіде өзін «өнертапқыш» һәм кәсіпкер ретінде таныстырып жүрген Алтай Айнабектің ісі күмәнді.
«Таңертең ватсабыма осы жігіттің кереметі туралы бірнеше жазба, видео келді. «Аралды суға толтырамын», «қазір жер-жерде жауынды мен жауғызып жатырмын» деген жігітті жұрт «міне қазақтың нағыз ғалымы», «осындай ұлдарымызды үкімет неге қолдамайды?» деп көкке көтеріп мақтап жатыр. Журналист әріптестер де қалыспай «жаңбыр адам» деп ат қойып сұхбат алып жарнамасын жалаулатып жүр. Өзінің айтуынша, бұған дейін Маңғыстау өңірін қуаңшылықтан құтқарған, Біріккен Араб Әмірліктерінде жауын жауғызған-мыс. Хош, сонымен бұл не болды екен деп жұмысқа ертерек келіп алып, ақпарат іздеп, зерттеп көрдім», деген журналист бірнеше факт ұсынады.
1. Өзін өнертапқыш деп таныстырып жүрген Алтай Айнабектің алған білімі, ғылыми атағы, қай жерде ғылыми атағын қорғағаны туралы ақпарат таппадым. Есесіне https://statsnet.co/companies/kz/54830894 сайтында аты-жөні тура осы жігітпен сәйкес келетін адам алтын, бағалы металлдар сатумен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Ал мына https://pk.uchet.kz/search/bin/131240010459?searchText=null сілтемеге кірсеңіз, Айнабек Алтай Айнабекұлы "NURAY Construction LTD" дейтін құрылыс компаниясының бас директоры екенін көресіз. Қазақстандағы құрылыс және тұрғын үй туралы мәліметтерді жинақтайтын https://korter.kz/nuray-construction сайты бұл компанияның Шымкенттегі екі бірдей тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап қалғанын жазады. Тура осы адам "Central Asian Center of Climate Change Technologies" дейтін ЖШС-де басшы болып тіркелген.
2. Өзі айтқандай климаттық үлкен проблемаларды шешетін, Арал теңізін суға толтырып тастауға қауқарлы жаңалық жаһанды дүр сілкіндіруі керек еді. Себебі климат мәселесі, оның ішінде су тапшылығын жою проблемасы – БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасының негізгі мақсатының бірі. Жыл сайын әлемнің дамыған елдерінің басшылары Давосқа жиналып дауласып, бас қатыратын проблемасы да осы. Міне бүкіл әлемді толғандырған мәселені шешудің тиімді жолын ұсынған қазақ жігітіне бәрі назар аударар еді. Бірақ атақты ғылыми орталықтар да, ғалымдар да тып тыныш. Жауынға қарық қылдық деген Араб Әмірліктері де отандасымыз бен оның компаниясы туралы жұмған аузын ашпайды. Есесіне Әмірлікте дрондардың көмегімен жасанды жауын жауғызған швейцариялық «Metro Systems International» атты компанияның еңбегі туралы деректер кездеседі.
3. Әрі қарай Алтай Айнабек айтып жүрген “International Center of Climate Change Technologies” (ICCCT) компаниясының https://iccct.ae/ сайтына кірдім. Компанияның қай жылы құрылғаны туралы дерек жоқ. Ең алғашқы жазбалар 2022 жылдың қаңтар айынан басталады. Алтай Айнабек компанияның бас директоры ретінде көрсетілген. Кез келген дұрыс компания басшылығы, ондағы маңызды тұлғалар туралы егжей-тегжей портфолио береді. Ал мына компанияның командасы туралы бөлігінде Алтаймен қосқанда 8 адамның аты-жөні көрсетілгенімен, ешқайсысы жайлы ақпарат жоқ. Кездейсоқ Алтай Айнабектің кеңесшісі әрі Пәкістандағы өкілі деп көрсетілген Имтиаз Хан Лодхи дейтін адам туралы дерек іздегенімде қызықтың көкесі басталды. https://www.brecorder.com/news/3841106 сайтының жазуынша, бұл адам 2011 жылы Pakistan Steel Mills дейтін пәкістандық ірі металлургия компаниясында бас атқарушы директор һәм бас қаржы директоры лауазымында жүрген жерінен үлкен даумен қуылған. Имтиаз Хан Лодхидың жоғары білімі туралы дипломдары жалған болып шыққан.
4. Командадағы келесі адам – Сергей Бологуров. Ол ауа-райын басқару жүйесі бөлімінің басшысы ретінде көрсетілген. Интернетте бұл адамның Ленинград арктикалық училщесін аэролог мамандығымен, сосын Ленинград политехникалық институтын тәмамдағаны туралы дерек бар. 2009 жылы Атмосфераға жергілікті әсер етудің әдісі мен құрылғысы туралы патентке өтініш беріп, 2015 жылы алған. Ең қызығы осыған ұқсас әдіске 2023 жылы Евразиялық патент ұйымы патент береді. Тек бұл жолы оның иесінің қатарына Бологуровпен бірге Алтай Айнабек те жазылған. Кездейсоқтық па? Ал қазақстандық телеарналар түсірген бейнематериалда көрсетілген құрылғы Бологуровтың 2009 жылғы ұсынған құрылғысының сызбасына қатты ұқсайды. https://patents.google.com/patent/RU2373693C1/de
5. Біздің технологияның қауіпсіздігін еуропалық De Nayer зертханасы растады депті. Бұл енді өте нәзік маркетинг тәсіл. Посткеңестік ел үшін «еуропалық» деген сөздің сиқырлы күші бар. Бельгиялық бұл компания расымен де электр қауіпсіздігі, электромагнитті қауіпсіздік, технологияның климатқа әсері секілді бағыттар бойынша тұжырымдама береді. https://www.labodenayer.be/browse/products/ Бұл жай ғана қоршаған ортаға қауіпсіз екенін айғақтайтын құжат болса да, қазекең үшін ол бәрін растайтын басты құжат ретінде қабылданатыны бар.
6. Алтай Айнабек сенсацияға жаны құмар әріптестеріме Арал теңізінің акваториясына бір аптаның ішінде 50 млрд текше метр су кірді депті. Бұл дегеніңіз Қазақстандағы ең ірі су қоймасы Бұқтарманың көлемі! Ал Бұқтарма су қоймасы әлемдегі ең ірі су қоймасының қатарына жатады. Бұл дегеніңіз сұмдық көлем! Сонда осындай дүниені әлем, әлемді қойыңызшы, Аралда тұратындар қалай байқамаған? Соншама су құйылғанын қандай құралмен анықтаған? Таразыға тартатын дүние емес қой. «Аралға жаз басынан бері толассыз жауын жауып жатыр» деген сөзін тексеру де қиын емес. Метерологиялық сайттардың сайтына кірсеңіз болды. Биыл маусымда мысалы керісінше жылдық 12 мм орнына 5 мм ғана жауын жауған. «Біздің технологияның арқасында Сырдария мен Әмударияның арнасы толып жатыр» депті. Сырдария мен Әмударияның суы биыл мол екенін мамыр айында Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы министрліктері басшыларының жиынында айтылған. https://upl.uz/eco/41947-news.html. Айнабектің технологиясын қайдам, мамандар өзен суының биыл мол болғанына қолайлы ауа-райы мен қардың қалың жауғаны себеп болғанын айтады.
МӘСЕЛЕ МИЛЛИАРДТА МА?
«Қазақстанды су тапшылығынан құтқарамын деп жарнама жасап жүрген Алтай Айнабекке бұған 39 млрд теңге сұрап отыр. Бұл ақшаны шетелдік инвестор, венчур қорлар бермеген соң, енді Қазақстан үкіметін жағалап жүрген секілді.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері бұл кәсіпкермен кездесті деп естідім. Шенеуніктер хайп дүрмегімен аты-жөні белгісіз, ал командасының құрамында өз елінде алаяқ деп айыпталған адам бар, Маңғыстауда және Пәкістандағы бір қыстақта жұмыс істедік дейтін, жетістіктері белгісіз әрі күмәнді компанияға сонша миллиардтарды ұстата салмайтын шығар деп үміттенемін.
Негізі жауын жауғызу технологиясы жаңалық емес. Оны әлемде 1940-жылдардан бері қолға алған. Мәселе технологияның құнында және бұлт жасау әдісінде. Әзірге ауадағы ылғалды өзіне тартатын күміс йодиді, тұздар секілді түрлі элементтерді қолдану арқылы бұлт жинау және электр тоғы көмегімен иондау әдісімен жауын жауғызу әдістері қолданылады. Өкінішке қарай қазақ қоғамы әлем өркениетінің перифериясында жатқандықтан көп жетістіктерден, жаңалықтардан, технологиялардан хабарсыз болып отырмыз. Сондықтан бұл технологияны жоққа шығармаймын, менікі кеше ғана шымкенттік кәсіпкер болып жүрген, аяқ астынан «Аралды қайта толтыратын өнертапқышқа» айналған Алтай Айнабектің сөзі мен ісінде кереғарлық бар екеніне, бэкграундында көлеңкелі тұстар кездесетініне көпшіліктің назарын аудару ғана.
Әйтеуір жауын жаумай жатып су болмайық. Сыни ойлау, талдау жасау, білімге жүгіну жағын ұмытып кетпейік», дейді Дәнеш Асқарбекұлы.
Редакциядан: Журналистің бұл пікіріне Алтай Айнабек жауап берсе, алаң ұсынуға дайынбыз.