Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

2022 жылы Қазақстанның ЖІӨ 2,5% ғана өседі - ЕАДБ

2022 жылы Қазақстанның ЖІӨ 2,5% ғана өседі - ЕАДБ

Алматы. 30 мамыр. 7kun.kz - Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасы 2022 жылы 4% емес, 2,5%-ға өседі деп болжайды, деп хабарлайды 7kun.kz.

"Алдыңғы болжаммен салыстырғанда бағалау төмендеді. Ресейге қатысты шектеулердің әсері Қазақстандағы экономикалық өсудің баяулауына да ықпал етеді. Негізгі арналар – сауда және инвестициялар. Қазақстанның Ресейге экспортының жартысына жуығын металлургиялық бұйымдар құрайтындықтан, өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс қарқыны баяулауы мүмкін", – деп жазылған хабарламада.

Мұнай өндіру көлемі бойынша болжамды қайта қарау ЖІӨ өсімінің төмендеуіне сәйкес келуі мүмкін делінген.

"Экономикаға мұнайдың жоғары бағасы және құрылымдық реформаларды іске асыру қолдау көрсетуі мүмкін. 2021 жылы реформалардың басымдықтары экономиканы әртараптандыруға, еңбек нарығын қайта құруға, жеке секторды дамытуға, өңірлік даму мен цифрландыруға бағытталған бірқатар ұлттық жобалар шеңберінде қайта қалыптастырылды. Төмендеу мен өсудің көрсетілген факторларын ескере отырып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің ұлғаюы 2,5%-ды құрайды", - делінген ақпаратта.

2023 жылы банк болжамы Қазақстан экономикасының 4,8%-ға, 2024 жылы 4,5%-ға өседі дейді.

"Базалық болжамға сәйкес, Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,8% - ға артады - бұған Теңіз кен орнында мұнай өндіру қуатын арттыру бойынша жұмыстарды аяқтау, сондай-ақ халықтың табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру ықпал ететін болады", - делінген хабарламада.

Банктің болжамы бойынша, Қазақстандағы инфляция деңгейі 2022 жылы 13,2%-ды, 2023 жылы 5,8%-ды, 2024 жылы 4,4%-ды құрайды. Ал теңге бағамы 2022 жылы $1 үшін 459,2 теңге, 2023 жылы 473,6/$1, 2024 жылы 485,6/$1 деңгейінде қалыптасады.

Ұқсас материалдар