50 жастан асқан 3,2 мың қазақстандық Skills Enbek платформасында тегін оқып, жаңа мамандыққа ие болған.
«Күміс жас» жобасы аясында тегін курсқа қатысып, аяқтаған соң арнайы сертификат беріледі. Және бұл деректер Enbek.kz жұмысқа орналастыру порталындағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі.
Жобаға қатысушыларды «Аспаз», «Наубайхана ісінің негіздері» және «Кондитерлік шеберхана», «Үйрек, қаз өсіру», «Құс шаруашылығы», «Жылыжайларда лимон өсіру», «Сақтандыру агенті», «Кассир» және «Бухгалтер» сияқты курстар қызықтырады екен.
Skills Enbek платформасындағы «Күміс жас» қосымша парағында түрлі бағыттар бойынша 130-дан астам курс бар.
Айта кетейік, "Күміс жас" жобасы – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды.