Зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл туралы Қарағандыда кеншілермен кездесу өткізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
Арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін қазақстандықтарға беріледі.
Министрлік дерегінше бұл төлемге 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2025 жылы – 42 мыңнан астам, 2026 жылы – 47 мыңнан астам адам үміткер бола алады.
«Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі», – деді Светлана Жақыпова.
Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген адамдардың 55 жасқа толуы және кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдары болуы керек.