Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

649 млрд теңге тиімсіз жұмсалған: Мәжілісте бюджет игеру сапасына сын айтылды

649 млрд теңге тиімсіз жұмсалған: Мәжілісте бюджет игеру сапасына сын айтылды

Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері қаралып, мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына қатысты бірқатар мәселе көтерілді.

Депутат Дәния Еспаеваның айтуынша, биыл Үкімет есебі алғаш рет жаңа Бюджет кодексіне сәйкес пилоттық форматта дайындалған. Құжаттарда мемлекеттік инвестициялық жобалар, бюджеттен тыс қорлар, квазимемлекеттік сектор және мемлекеттік активтер бойынша талдау қамтылған. Оның пікірінше, бұл – мемлекеттік қаржыны кешенді бағалауға жасалған маңызды қадам.

Сонымен қатар депутат есеп беру жүйесін әлі де жетілдіру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап есептер жаңа Бюджет кодексінің талаптарына толық сәйкес келуі тиіс.

Мәліметке сәйкес, 2025 жылы республикалық бюджеттің кіріс жоспары 335 млрд теңгеге орындалмаған. Депутат салық және кеден түсімдерін болжау сапасына қатысты мәселелер сақталып отырғанын айтты.

Бұдан бөлек, республикалық бюджеттің Ұлттық қорға тәуелділігі де жоғары деңгейде қалып отыр. Өткен жылы қордан 5,3 трлн теңге көлемінде трансферт алынған.

Мәжілісте қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы тапшылық мәселесі де көтерілді. Соның салдарынан 2025 жылы 279 млрд теңге игерілмей қалған. Оның ішінде 243 млрд теңге қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты жүзеге аспаған.

Депутаттың сөзінше, жыл ішінде республикалық бюджетке сегіз рет өзгеріс енгізілген. Бұл жағдай бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығы мен сапасына қатысты сұрақ туындатып отыр.

Сондай-ақ мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары да айтарлықтай өскен. Егер 2021 жылы бұл мақсатқа 978 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы көрсеткіш 2,6 трлн теңгеге жеткен.

Дәния Еспаева квазимемлекеттік сектордың тиімділігіне де назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау көлемі артқанымен, кейбір ұйымдардың экономикалық қайтарымы мен ашықтығына қатысты мәселелер бар.

Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, 2025 жылы 649 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш болып отыр.

Ұқсас материалдар