800 млн теңгеден астам бюджет қаржысының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді
Алматы қаласында 800 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Бұл туралы қадағалау органдары хабарлады. Тексеру барысында қала прокуратурасы жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде заң талаптарын бұзғанын анықтаған.
Атап айтқанда, әкімдік 0,5006 гектар жер учаскесіне қатысты мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған. Алайда Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес, аталған аумақта жалпы пайдалануға арналған нысандардың құрылысы қарастырылмаған.
Соған қарамастан, заң талаптарына қайшы шешім қабылданып, жерді иеліктен шығару рәсімі басталған. Бағалау қорытындысы бойынша, аталған жер учаскесінің құны 800 млн теңгеден асқан.
Прокуратураның наразылығы нәтижесінде әкімдіктің заңсыз қаулысы күшін жойды. Осылайша, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.





