Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ақкенженов: авиаотын бағасы бәсекеге қабілетті деңгейге түседі

Ақкенженов: авиаотын бағасы бәсекеге қабілетті деңгейге түседі

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан АқкенженовҮкімет отырысында Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, Қауіпсіздік кеңесі қорытындысына сәйкес елдің гидроэнергетикалық ресурстарын кешенді зерттеу және картаға түсіру жұмыстары басталған. Аталған ауқымды жобаның мақсаты – Қазақстанның гидроэнергетикалық әлеуетінің бірыңғай цифрлық картасын әзірлеп, оны ұлттық деңгейдегі цифрлық платформаға интеграциялау.

Жаңа платформа гидрологиялық, жер бедері, инфрақұрылымдық және құқықтық деректерді біріктіре отырып, оңтайлы жобалық шешімдерді қалыптастыруға, болашақ су электр станцияларының параметрлерін есептеуге және жобалауға дейінгі дайындық мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Ұлттық құрылтайда авиаотын бағасының көрші елдердің әуежайларымен салыстырғанда жоғары әрі бәсекеге қабілетсіз екені айтылған. Президент тапсырмасына сәйкес, авиахабтар үшін авиаотын бағасы тоннасына 1200 доллардан 940 долларға дейін төмендетіліп, кейіннен 890 долларға дейін азайтылмақ.

Министрдің айтуынша, бұл шешім отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Air Atlanta, Hungary Airlines, One Air сынды халықаралық авиакомпаниялардың Қазақстанға ұшатын рейстер санын көбейтуіне жол ашады. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «таза көмір» жобаларын іске асыруға кіріскенін атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстанда газ өндірісін ұлғайту мақсатында 50 учаске аукционға шығарылатыны хабарланды.

Ұқсас материалдар