Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алатау қаласына 6,4 миллиард доллар инвестиция тартылды

Алатау қаласына 6,4 миллиард доллар инвестиция тартылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевн қабылдап, Алатау қаласын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қанат Бозымбаев Президентке Қытайда өткен Alatau City Roadshow халықаралық таныстырылымының қорытындылары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, іс-шара аясында 20-дан астам кездесу мен форум ұйымдастырылып, жалпы құны 6,4 миллиард долларды құрайтын 30 келісім мен меморандумға қол қойылған.

Инвестициялық роуд-шоу барысында Алатау қаласының әлеуеті Қытайдың іскерлік және қаржы орталықтарында таныстырылған. Атап айтқанда, Шэньчжэнь қаласының басшылығымен, Гонконгтың әкімшілік жетекшілерімен және бірқатар халықаралық компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізілген.

Кездесуде бұдан бөлек су ресурстарын басқару саласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Президентке гидротехникалық нысандарды жаңғырту, жаңа су қоймалары мен суару арналарының құрылысы туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу мәселесі талқыланды. Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңартуға 1,1 триллион теңгеден астам қаржы бағытталмақ. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы салаға бөлінген ең ірі инвестициялардың бірі.

Үкіметтің мәліметінше, аталған қаражат отандық және халықаралық қаржы институттарының қатысуымен тартылып, алдағы үш жыл ішінде коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Президент отандық өндірушілердің энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына кеңінен қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар оңтүстік өңірлердегі суармалы егіншілік маусымын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын халықаралық инвестициялар мен инновацияларды тартатын заманауи орталыққа айналдырудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сарапшылардың пікірінше, тартылған 6,4 миллиард долларлық инвестиция Алатау қаласының болашақта өңірдегі ірі технологиялық, қаржылық және логистикалық орталықтардың біріне айналуына негіз қалауы мүмкін.

Ұқсас материалдар