Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Алданып қалмаңыз»: зейнетақы ақшасын «шешіп беретін» алаяқтар көбейген

«Алданып қалмаңыз»: зейнетақы ақшасын «шешіп беретін» алаяқтар көбейген
Қазақстанда зейнетақы жинағын алып беруді уәде ететін делдалдар көбейіп отыр. Осыған байланысты БЖЗҚ азаматтарды сақ болуға шақырды.

Қор мәліметінше, әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформаларда зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын шешіп беруге көмектесетінін айтып, алдын ала ақы сұрайтын күмәнді ұсыныстар жиілеген. Алайда мұндай қызметтердің басым бөлігі заңсыз.

БЖЗҚ өкілдері зейнетақы төлемдері ешқандай делдалсыз, қосымша комиссиясыз және тек заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатынын ескертеді.

Сондай-ақ, мұндай схемаларға қатысу тек қаржылық шығынға емес, жеке деректердің үшінші тұлғалардың қолына түсуіне де әкелуі мүмкін.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалану тек нақты жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Атап айтқанда:
– зейнет жасына жеткенде;
– I немесе II топтағы мүгедектік белгіленгенде;
– шетелге тұрақты тұруға кеткенде;
– мұрагерлік тәртіппен;
– тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу шығындарын өтеу үшін (белгіленген талаптар аясында).

Қордың ескертуінше, зейнетақы қаражатын пайдалану тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Сондықтан мұндай процесте делдалдардың көмегі қажет емес.

Ұқсас материалдар